17 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «НАУРЫЗ БАТА» ӘДЕБИ-МУЗЫКАЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Digital Nauryz 2026 онкүндігі аясында Бизнес және құқық жоғары мектебі, Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен «Наурыз Бата» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдени мұрасын дәріптеу, студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру және Наурыз мерекесінің рухын кеңінен насихаттау болды. Кеш бағдарламасы мазмұнды әдеби оқулар мен әсерлі музыкалық нөмірлерге ұласып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.

Кештің ашылуында Бизнес және құқық жоғары мектебі деканының тәрбие жөніндегі орынбасары Асубаева Айгуль сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ санасына сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақ – Аналар алқасының мүшесі Сәтбаева Бакыт жастарға ізгі тілегін білдіріп, Наурыз мейрамының тәрбиелік мәнін кеңінен түсіндірді.

Мерекелік кеш аясында Қаржы мамандығының 1 курс студенттері (кураторлары Бажыгалиева Мадина, Жапарова Айнагуль, Каматаева Дильназ) этно-бұрыш ұйымдастырып, ұлттық бұйымдар мен дәстүрлі тағамдарды көпшілік назарына ұсынды. Бұл көрме қатысушыларға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін жақынырақ танып-білуге мүмкіндік берді.

Әдеби бөлімде Ержанқызы Іңкәр «Наурыз – жыл басы» өлеңін, ал Оралбекқызы Айым «Ақ бата» шығармасын мәнерлеп оқып, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Туризм білім беру бағдарламасының 1 курс студенттері «Жастар ырғағы» биін орындап, кештің көркін қыздыра түсті.

Іс-шара барысында қатысушылар Наурыз мерекесінің мән-маңызы мен батаның ұлттық тәрбиедегі орны туралы ой бөлісіп, ұлттық салт-дәстүрлердің бүгінгі қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Қонақтар мен студенттер арасында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы айқын байқалды.

Кеш соңында жиналған қауым мерекелік дастарқаннан дәм татып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. «Наурыз Бата» әдеби-музыкалық кеші ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шара ретінде қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.