24 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ФОРСАЙТ-СЕССИЯ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында «Шығыс Қазақстан облысы оқушыларының кәсіби бағдар беруінің өңірлік стратегиясы. ШҚО жаңа мамандықтар атласы» тақырыбында стратегиялық педагогикалық форсайт-сессия өтті.

Форсайт-сессия жұмысына Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының өкілдері, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандары, жұмыс берушілер, кәсіби бағдар берушілер, Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Өскемен қаласының Мансап орталығы, сондай-ақ еңбек нарығының сарапшылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – оқушыларға кәсіби бағдар беру және мансаптық сүйемелдеу бойынша өңірлік модель әзірлеу, негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді айқындау, сондай-ақ сұранысқа ие түлектерді даярлау үшін білім беру ұйымдары, университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың нақты тетіктерін қалыптастыру.

Форсайт-сессияның ашылуында– Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген және Шығыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Есімбекова құттықтау сөз сөйледі.

Форсайт-сессия аясында өңірдегі білім беру ұйымдары мен Аманжолов университеті арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім кәсіби бағдар беру жұмысын жүйелі дамытуға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.