29 января 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ТАЗА АУДИТОРИЯ – ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕКЕНІ» ТАЗАЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ ЖАЛҒАСУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоғамда экологиялық мәдениет пен тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Аталған бастама білім беру ұйымдарында да кең қолдау тауып, тәрбиелік маңызы зор іс-шаралармен жалғасын табуда.
Осы орайда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «ТАЗА аудитория – жаңа идеялар мекені» атты Тазалық апталығы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара университеттің құрылымдық бөлімшелерінде бір мезгілде өткізіліп, білім алушылар мен оқытушылардың белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Тазалық апталығының алғашқы кезеңі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжінің №3 оқу ғимаратында өтті. Іс-шара барысында колледж білім алушылары ұйымшылдық пен бірліктің үлгісін көрсете отырып, өз аудиторияларын ретке келтірді. Бірлесе атқарылған еңбек студенттердің ортақ іске жауапкершілікпен қарауын, еңбек мәдениетін және білім ордасына деген құрметін айқындай түсті.
Таза әрі ұқыпты орта – жайлылықтың ғана емес, сапалы білім мен шығармашылық ойдың, жаңа идеялардың бастау көзі. Осы қағиданы негізге алған Тазалық апталығы аясында барлық оқу топтары өз аудиторияларын 2-семестрге дайындап, оқу процесіне қолайлы, қауіпсіз әрі жағымды жағдай қалыптастырды. Білім алушылар білім алатын ортаны өз үйіндей қадірлеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін нақты іспен дәлелдеді.
Игі бастама университеттің өзге де құрылымдарында жалғасын тапты. Атап айтқанда, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Биология кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары №4 оқу ғимаратының аудиторияларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ұжымдық іс-шара барысында аудиториялар мен оқу кабинеттері ретке келтіріліп, санитарлық тазалыққа ерекше назар аударылды. Оқытушылар мен студенттердің бірлескен еңбегі академиялық ортадағы ынтымақтастық пен өзара қолдауды нығайта түсті.
Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар студент жастардың экологиялық санасын қалыптастыруға, еңбекке баулуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосады. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде алдағы уақытта да Мемлекет басшысының бастамаларын қолдауға бағытталған осындай мазмұнды іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.







