22 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ФОРСАЙТ-СЕССИЯЛАР ЖАЛҒАСУДА: ЭНЕРГЕТИКА МЕН ТУРИЗМ – БОЛАШАҚ КӘСІПТЕР КАРТАСЫНДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында өңір үшін кадрлар даярлауға бағытталған форсайт-сессиялар жалғасуда. Үшінші күннің жұмысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар екі бағытқа – энергетика мен туризм салаларына арналды.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форсайт-сессиялар қатысушыларымен болған видеобайланыста «Мамандығым – Болашағым» жобасының стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама білім беру, бизнес және мемлекет арасындағы заманауи өзара іс-қимыл моделін қалыптастырудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген өз сөзінде форумның білім беру мен өндіріс салалары арасындағы байланысты нығайтып, уақыт талабына сай жаңа мамандықтар мен құзыреттерді айқындауға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, осындай алаңдар университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы әріптестікті дамыту арқылы өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Есімбекова өңірлік еңбек биржасының деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда облыста түрлі салалар бойынша 4 300-ден астам бос жұмыс орны бар екенін хабарлады. Сонымен қатар, enbek.kz сайтында өңір тұрғындарына сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысып, сәйкес білім беру бағдарламаларын таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» сервисі жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

ШҚО Туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов атап өткендей, аймақта ағылшын және қытай тілдерін білетін кәсіби гидтердің тапшылығы байқалады. Бұл жағдай көрші елдерден келетін туристер санының артуына байланысты өзекті болып отыр.

Форсайт-сессия қорытындысында талқылауға белсенді қатысқан сарапшыларға сертификаттар табысталды. Кездесудің нәтижелері өңірдің тұрақты дамуына ықпал ететін өзекті мамандықтар тізімі мен білім беру бағыттарын қалыптастыруға негіз болмақ.