5 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХИМИЯ ПӘНІНЕН АЙМАҚТЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің «Химия» кафедрасы «Professional Upgrading» мансап орталығымен бірлесе отырып, қала және аймақ мектептерінің 11-сынып оқушылары арасында химия пәнінен аймақтық олимпиада өткізді.

Олимпиада үш кезеңнен тұрды. Алғашқы іріктеу кезеңі қашықтықтан өткізіліп, «Google Forms» платформасы арқылы тест тапсырмалары орындалды. Нәтижесінде қазақ сыныптарынан 23 оқушы және орыс сыныбынан 1 оқушы келесі кезеңге жолдама алды.

Олимпиаданың теориялық және тәжірибелік кезеңі 5 наурыз күні оффлайн форматта университеттің «Химия» кафедрасында өтті. Қала және аймақ мектептерінен 8 білім беру ұйымының оқушылары қатысып, теориялық есептер мен шығармашылық тапсырмаларды орындап, сапалық реакциялар арқылы заттарды анықтауға бағытталған эксперименттік тапсырмалар орындады. Ең жоғары балл – 100.

Олимпиаданың ашылуында «Химия» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бақыт Шаихова қатысушыларға сәттілік тілеп, ал олимпиаданы ұйымдастырушы, п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Батима Тантыбаева байқау ережелері мен бағалау критерийлерін таныстырды. Олимпиада комплаенс-офицер Қайнар Жексембаевтың қатысуымен өтті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар анықталды. Гран-при жүлдесін Өскемен қаласындағы «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің» 11-сынып оқушысы Амангелді Нұрлы иеленіп, университет ректоры атынан 4 жылдық білім беру грантына ие болды.

I орын – Әділбек Нұрбақыт (Назарбаев Зияткерлік мектебі),

II орын – Әлихан Окасов («Оралхан Бөкей атындағы №44 лицей»),

III орын – Дамир Шарипхан (Назарбаев Зияткерлік мектебі).

Жеңімпаздарға дипломдар табысталып, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Сонымен қатар оқушыларды дайындаған мұғалімдерге университет ректорының алғыс хаттары тапсырылды.

Олимпиада дарынды оқушыларды анықтауға, олардың ғылымға қызығушылығын арттыруға және мектеп пен университет арасындағы білім беру байланысын нығайтуға бағытталған маңызды білім алаңы болды.