18 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ШАШБАУЛЫМ» АРУЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

2026 жылдың 18 наурызында «Digital Nauryz–2026» және «Наурызнама» онкүндігі аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ерекше мәдени-танымдық іс-шара – «Шашбаулым» арулар байқауы ұйымдастырылды. Аталған байқау биология, химия, экология және география кафедраларының бастамасымен өткізіліп, ұлттық киімді ұлықтау, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын дәріптеу және жастардың рухани-эстетикалық тәрбиесін дамытуға бағытталды.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ қызының болмысына тән әдептілік, парасаттылық, инабаттылық пен өнерді кеңінен насихаттау болды. Байқауға экология және география, биология, физика және технологиялар, химия, математика, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедраларының студенттері қатысып, өз өнерлері мен қабілеттерін ортаға салды.

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін шығармашылық тұрғыда таныстырып, ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарын білдірді. «Қыз өнері – ұлт көркі» бөлімінде әр ару өзінің ерекше талантын көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. «Қыз білімімен көрікті» кезеңінде қатысушылардың білім деңгейі, тапқырлығы және салт-дәстүрді меңгеруі сынға түсті.

Байқаудың ең әсерлі бөлімдерінің бірі – «Ұлттық нақыштағы “Amanzholov” студенттік формасы» кезеңі болды. Бұл бөлімде қатысушылар қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін заманауи стильмен үйлестіріп, университет студенттеріне арналған жаңа үлгідегі форма дизайнын ұсынды. Осы арқылы байқау ұлттық мәдениетті жаңғырту мен жастардың эстетикалық талғамын дамытуға бағытталған креативті алаңға айналды.

Әділ қазылар алқасы қатысушылардың өнерін, білімін, сахна мәдениетін және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты бағалап, үздіктерді анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша:

Бас жүлде – Уажықызы Нұрай (Биология кафедрасы);

1-орын – Елтайқызы Саяжан (Экология және география кафедрасы);

2-орын – Мухаметбекова Сая Сымбатқызы (Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасы);

2-орын – Амантаева Дильназ Қайнарқызы (Физика және технологиялар кафедрасы);

3-орын – Михаил Бибифатима (Химия кафедрасы);

3-орын – Тайғана Жұлдызай (Математика кафедрасы).

«Шашбаулым» арулар байқауы университет қабырғасында ұлттық рухты жаңғыртып, қазақ қызының сұлулығы мен парасатын дәріптеген мазмұнды әрі тағылымды шара ретінде есте қалды.