15 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ СОТ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен облыстық соттың бірлесіп ұйымдастыруымен ашық көшпелі сот отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Аймақтың жоғары оқу орындарында өткізілетін көшпелі сот отырыстары жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сот жүйесінің жұмысын көрсетуге және студенттер арасында, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Іс-шара барысында студенттер мен оқытушылар есірткі заттарын сату дерегі бойынша қылмыстық істің қаралуына куә болды. Сот процесі мемлекеттік тілде өтті.

Қатысушылар нақты сот талқылауының қалай өтетінін өз көздерімен көріп, сот, прокуратура, адвокаттар және процестің басқа да қатысушыларының жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.

Прокуратура өкілі мұндай профилактикалық іс-шаралардың жастар арасында құқықтық сананы және заңға құрметті қалыптастыруға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тетіктерін көрсетуге, заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіруге, сондай-ақ заң саласындағы болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ететінін атап өтті.

Көшпелі сот отырысы студенттер үшін тәжірибеге негізделген маңызды оқу форматына айналып, оларды құқық қорғау және сот органдарының нақты жұмысымен жақыннан таныстырды.