23 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ – БОЛАШАҚ ГЕОГРАФТЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің әдістемелік онкүндігі аясында экология және география кафедрасында «Экологиялық мәдениет – болашақ географтың азаматтық ұстанымы» тақырыбында мастер-класс ұйымдастырылды.

Іс-шараға «География» білім беру бағдарламасының білім алушылары қатысып, мастер-классты кафедраның практик-оқытушысы, А.Байтұрсынов атындағы №20 мектептің география пәні мұғалімі Абзелеева К.А. жүргізді.

Мастер-кластың негізгі мақсаты – болашақ география мұғалімдерінің кәсіби даярлығында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын айқындау, табиғатты ұқыпты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау идеяларын оқу-тәрбие процесіне тиімді енгізу жолдарын талқылау болды.

Іс-шара барысында экологиялық білім берудің мазмұны, мектеп географиясы сабақтарында экологиялық құндылықтарды қалыптастыру әдістері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар оқушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған тапсырмалар мен жұмыс түрлері ұсынылды.

Қатысушылар топтық талқылау жүргізіп, нақты педагогикалық жағдайларды талдады, экологиялық тақырыптағы оқу тапсырмаларын орындап, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Практикалық бөлімде мектеп тәжірибесінде қолданылатын интерактивті әдістер, экологиялық бағыттағы жобалық жұмыстар мен зерттеу тапсырмалары көрсетілді.

Кездесу барысында болашақ мұғалімдердің экологиялық жауапкершілігін арттыру, туған өлкенің табиғатын сақтау мәселелері және тұрақты даму қағидаларын білім беру жүйесінде жүзеге асыру жолдары талқыланды. Мастер-класс тәжірибе алмасу алаңы ретінде өтіп, білім алушыларға болашақ кәсіби қызметінде қолдануға болатын пайдалы әдістемелік ұсыныстар берілді.