26 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ГРАНТТАРДЫ ИГЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шығыс Қазақстандағы Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген университеттің ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен жұмыс кеңесін өткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының ғылымды дамытуға бөлінген қаражатты игеру деңгейіне қатысты ескертулері, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жөніндегі қойылған міндеттерге ерекше назар аударылды.

Күн тәртібі аясында ректор университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың орындалу барысымен танысып, олардың тиімділігіне баға берді. Ғылыми қызметкерлер жобалардың орындалу кезеңдері, қол жеткізілген нәтижелер және туындаған мәселелер туралы жан-жақты есептер ұсынды.

Мұхтар Төлеген әрбір жоба бойынша қаржы қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдаланудың маңыздылығын, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін, сондай-ақ ғылыми өнім сапасын арттыру керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, кеңес қатысушыларына жүргізіліп жатқан зерттеулердің практикалық маңызын күшейту, халықаралық ғылыми басылымдардағы жарияланымдар санын арттыру және гранттық қаржыландыруды тиімді игеру бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Кеңес қорытындысы бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тұрақты бақылау жүргізу, сондай-ақ белгіленген мерзімдер мен көрсеткіштердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.