12 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОМӘДЕНИ ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Бизнес және құқық жоғары мектебінің әдістемелік декадасы аясында Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы этномәдени туризмнің дамуы» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – студенттерге этномәдени туризмнің маңызын түсіндіру, Қазақстандағы туризм саласының даму үрдістері мен оның мәдени мұраны насихаттаудағы рөлін талқылау болды.

Семинарға Шығыс Қазақстан архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының ақпараттық-білім беру бөлімінің меңгерушісі Шинар Карибаева және осы бөлімнің маманы Айдана Белюгенева арнайы қатысып, Қазақстандағы этномәдени туризмнің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндама жасады. Спикерлер өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды сақтау, ұлттық мұраны таныту және туристік әлеуетті арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында мазмұнды ақпарат ұсынды.

Кездесу барысында қонақтар этномәдени туризмді дамытудағы мұражайлардың рөлі, мәдени мұраны дәріптеу жолдары және туристік бағыттарды қалыптастыру тәжірибесі туралы қызықты деректермен бөлісті.

Семинарға қатысқан «Туризм» білім беру бағдарламасының студенттері тақырыпқа үлкен қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандармен еркін пікір алмасты. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, болашақ мамандардың туризм саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық алаңға айналып, этномәдени туризмді дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.