24 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қабырғасында өткен сараптамалық кездесу аясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері мен елдегі конституциялық дамудың өзекті бағыттары талқыланды.

Талқылауға Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандары, жұмыс берушілер, кәсіби бағдар берушілер, Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Өскемен қаласының Мансап орталығы, сондай-ақ еңбек нарығының сарапшылары қатысты.

Кездесу барысында елдің Негізгі заңындағы басты өзгерістер, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі, азаматтық қоғам институттарын дамытудағы және заңдылық қағидаттарын нығайтудағы маңызы қарастырылды.

Қатысушылар Конституцияның мемлекеттің стратегиялық даму бағдарларын айқындайтын басты құжат ретіндегі рөлі жөнінде пікір алмасып, құқықтық тұрақтылықтың және реформаларды жүйелі түрде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде конституциялық даму мәселелері бойынша ашық кәсіби диалог жүргізудің, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді.