4 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Өскемен қаласының әкімі Алмат Талғатұлы Ақышовпен студенттер мен оқытушылардың кездесуі өтті. Іс-шара университет ректорының, оқу орны өкілдерінің және белсенді жастардың қатысуымен ашық диалог форматында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында қала әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, 2026 жылға арналған қаланың даму бағыттарын таныстырды. Әлеуметтік-экономикалық даму, кәсіпкерлікті қолдау, қаланы абаттандыру және жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Өскемен қаласының қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді: қалалық инфрақұрылымды жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді модернизациялау, әлеуметтік нысандарды салу және қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Қала кезең-кезеңімен заманауи әрі тұрғындарға қолайлы орталыққа айналып келеді. Әсіресе жастар мен жас мамандарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, билік пен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимыл, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалар талқыланды. Қала әкімі қаланың дамуы тұрғындардың, әсіресе жастардың белсенді қатысуынсыз мүмкін еместігін атап өтті.

Университет студенттері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қалалық инфрақұрылым және жастардың әлеуметтік жобаларға қатысуы жөнінде пікір алмасты. Кездесу сындарлы әрі мазмұнды жағдайда өтіп, билік пен жас буын арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын маңызды алаңға айналды.

Мұндай кездесулер университет пен қалалық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және туған қаласының даму үдерістерін тереңірек түсінуіне ықпал етеді.