6 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ AISANA ЖОБАСЫНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІНЕ ӨТКЕН ҚАТЫСУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде AISANA жобасының екінші кезеңіне өткен студенттер мен магистранттармен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Аталған жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан үміткерлердің ішінен іріктеу нәтижесінде университетімізден 1400 студент екінші кезеңге жолдама алып, өз білімдері мен қабілеттерін көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу барысында қатысушылар жасанды интеллект бағытындағы өз жобаларының тың идеяларын таныстырып, олардың практикалық жүзеге асу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, жобалардың болашақ даму бағыттары, оларды жетілдіру жолдары және тәжірибелік кезеңге көшіру мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар тарапынан командалық жұмыс форматын күшейту, инновациялық шешімдерді нақты өнімге айналдыру және стартап деңгейіне дейін дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Іс-шара барысында жас зерттеушілер өзара тәжірибе алмасып, пікірталас жүргізіп, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. Бұл кездесу тек идея алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект саласында алғашқы қадамдарын жасап жүрген жастар үшін үлкен мотивация мен қолдау алаңы болды.

Аталған бастама жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдауға, олардың инновациялық әлеуетін арттыруға және елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.