10 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «STUDY IN KAZAKHSTAN» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Study in Kazakhstan» республикалық білім беру көрмесі өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен талапкерлерге болашақ мамандықты таңдауда кең мүмкіндіктер ұсыну, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларымен таныстыру және жастардың өз білім беру бағытын саналы түрде қалыптастыруына қолдау көрсету.

Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы, сондай-ақ Қазақстанның 30-дан астам жоғары оқу орнының өкілдері мен елімізде жұмыс істейтін шетелдік университеттердің филиалдары қатысты.

Көрме барысында қатысушылар білім беру бағдарламаларын, оқуға түсу талаптарын, гранттық мүмкіндіктерді және түлектердің болашақтағы жұмысқа орналасу перспективаларын таныстырды. Сонымен қатар талапкерлер мен олардың ата-аналары университет өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Аталған көрме өңір жастары үшін сапалы білім алуға жол ашып, жоғары оқу орындары мен талапкерлер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.