11 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ TED TALKS: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақстан тарихы және ӘГП кафедрасының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы TED Talks шарасы өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық рухты күшейту және өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің шынайы құндылығын терең түсіндіру.

Шара барысында тәуелсіздік тарихы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи орны, ұлттық рухтың қалыптасуы мен азаттық жолында жанын қиған батырлардың ерлігі жан-жақты талқыланды. Спикерлер Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды тәуелсіздік символына айналған қаһармандардың өр мінезі мен азаматтық ерлігін ерекше атап өтті.

Кештің рухани мазмұнын байыта түскен шығармашылық бағдарламада студенттер «Желтоқсан желі» әнін орындап, көрерменге әсерлі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ арнайы әзірленген «Тәуелсіздік жылдарының хроникасы» атты бейнематериалда еліміздің тәуелсіздік жолындағы маңызды кезеңдер көрсетіліп, тарихи жад тағы бір мәрте жаңғырды. Домбырада орындалған «Көңіл толқыны» күйі іс-шараның сәнін келтіріп, қатысушыларға рухани серпіліс берді. Шараның басты идеясы өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа аманат.

Кездесуге қатысқан студенттер мен оқытушылар тәуелсіздіктің тарихи маңызын жаңа қырынан ұғынып, ұлттық тарихқа деген құрметі мен жауапкершілік сезімін тереңдете түсті.