9 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БЕСІНШІ АҒЫНЫ НЕЛЬСОН МАНДЕЛА ЕРЕЖЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН-КУРСТЫ СӘТТІ АЯҚТАДЫ
«Құқықтану» білім беру бағдарламасының бесінші ағым студенттері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде БҰҰ-ның қамаудағыларға қатысты мінез-құлықтың Минималды стандарттық ережелеріне (Нельсон Мандела ережелері) арналған онлайн-курсты сәтті аяқтады.
Курс БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) әзірлеген және қатысушыларға бостандықтан айырылған адамдарға қатысты халықаралық қағидаттар мен стандарттарды қазақ және орыс тілдерінде жан-жақты меңгеруге мүмкіндік берді.
Оқыту «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару құқығы» пәні аясында заң ғылымдарының докторы Қуат Рахимбердиннің жетекшілігімен өтті. Лектор Нельсон Мандела ережелерін білу мен оларды қолдану болашақ заңгерлердің кәсіби дайындығының маңызды элементі екенін атап өтті, себебі бұл ережелер пенитенциарлық жүйе мекемелерін басқарудың, адам құқықтарын қорғаудың және қатыгез қарым-қатынастың алдын алудың заманауи тәсілдерінің негізін қалайды.
Курс барысында студенттер:қамаудағыларға адамгершілікпен қарауға арналған халықаралық стандарттарды; сотталғандарды оңалтуды және әлеуметтік қайта интеграциялауды көздейтін қағидаттарды; қылмыстық-атқару органдарының қызметіне қатысты халықаралық құқықтың негізгі нормаларын; нақты жағдайларға барынша жақын практикалық кейстер мен сценарийлерді зерделеді.
Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізілгені – материалдарды меңгеруді жеңілдеткен маңызды артықшылықтардың бірі болды.
Барлық 50 студент курсты сәтті аяқтап, қылмыстық юстиция саласындағы ең үздік халықаралық тәжірибелерді қолдануға дайын екендігін растайтын UNODC-тің халықаралық сертификаттарына ие болды.
Оқу барысында студенттер Қуат Рахимбердиннің «Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасындағы олқылықтар мен коллизияларды еңсеру механизмінде Нельсон Мандела ережелерін имплементациялаудың рөлі» атты монографиясын пайдаланды. Бұл олардың халықаралық стандарттардың ұлттық тәжірибеде қолданылу ерекшеліктерін терең түсінуіне мүмкіндік берді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті қылмыстық және қылмыстық-атқару саясаты саласында инновациялық тәсілдерді енгізу және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық арқылы еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтып келеді.