25 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНДА АКАДЕМИЯЛЫҚ КОМИТЕТТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биология кафедрасында академиялық комитеттің кезекті отырысы ұйымдастырылып, кафедраның оқу, ғылыми және әдістемелік қызметіне қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды. Отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес кафедра дамуының стратегиялық бағыттары талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша кафедраның ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысы жүйесіндегі ғылыми-әдістемелік семинарлар, курстар, мектеп оқушыларымен бірлескен жобалар мен шеберлік сыныптардың нәтижелері сарапталды. Қатысушылардың белсенділігі, орындалған жұмыстардың тиімділігі, ғылыми жарияланымдар мен қол жеткізілген жетістіктер атап өтілді. Сонымен қатар мектептермен ынтымақтастықты кеңейту және практикалық бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі жөнінде ұсыныстар берілді.

Екінші мәселе аясында барлық білім беру бағдарламаларының 2026–2027 оқу жылына арналған элективті пәндер каталогын бекітуге ұсыну қарастырылды. Менеджерлердің ұсыныстары тыңдалып, пәндер мазмұнының жаңартылғаны, олардың заманауи талаптар мен еңбек нарығының сұранысына сәйкестігі ерекше назарға алынды. Талқылау қорытындысы бойынша академиялық комитет элективті пәндер каталогын бекітуге ұсыну туралы шешім қабылдады.

Үшінші мәселе ретінде 8D01505 – «Биология» және 6В01505 – «Биология-жаратылыстану» білім беру бағдарламаларын кезекті аккредитациядан өткізуге дайындық жұмыстары қарастырылды. Бұл бағытта өзін-өзі бағалау есебін әзірлеу, оқу-әдістемелік құжаттарды жаңарту, материалдық-техникалық базаны саралау және жауапты тұлғаларды бекіту бойынша нақты іс-шаралар жоспары белгіленді.

Сонымен қатар педагогикалық бағыттағы 4-курс білім алушыларының білімдерін бағалау нәтижелері талқыланды. Бағалау құралдарын жетілдіру, тест тапсырмаларын жаңарту және құзыреттілікке бағытталған жаңа сұрақтармен базаны толықтыру мәселелері көтерілді.

Отырыс қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер биология кафедрасының жұмыс сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми-әдістемелік қызметтің тиімділігін күшейтуге бағытталды.