27 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КАФЕДРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ИНФОРМАТИКА ОЛИМПИАДАСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасында облыстың 11-сынып оқушылары арасында информатика пәнінен облыстық олимпиада ұйымдастырылды.

Білім додасына Тарбағатай, Алтай, Глубокое аудандарынан және Өскемен қаласындағы мектептерден дарынды оқушылар қатысты. Жалпы қатысушылар саны — 47. Олимпиада IT саласына қызығушылық танытып жүрген мектеп түлектерінің білім деңгейін анықтауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және кәсіби бағдар беру жұмысын жандандыруға бағытталды.

Олимпиаданың басты ерекшелігі — бас жүлде ретінде 4 жылдық білім грантының тағайындалуы болды. Бұл грант IT бағытында жоғары жетістіктерге ұмтылған үздік оқушылар үшін үлкен мүмкіндік әрі болашақ кәсіби жолының алғашқы маңызды қадамы саналады.

Бас жүлдені 11-сынып оқушысы Каким Алижан (Өскемен қаласы, «№50 жалпы білім беретін мектеп» КММ) жеңіп алды. Ол теориялық және практикалық тапсырмаларды жоғары деңгейде орындап, үздік нәтиже көрсетті.

Олимпиада аясында кафедра оқытушылары Тукушова А.Е. мен Серікова Ж.С. мектеп мұғалімдеріне арналған «Smart Informatics: AI қолданатын инновациялық педагогикалық шешімдер» тақырыбында әдістемелік семинар өткізді. Семинар барысында жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдары, білім беруде интеллектуалды педагогикалық шешімдерді әзірлеудің заманауи тәсілдері және цифрлық құралдарды сабақта қолданудың тәжірибелік қырлары кеңінен талқыланды.

Іс-шара соңында мұғалімдерге университет атынан Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Жеңімпаз оқушылар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.

Облыстық информатика олимпиадасының өткізілуі өңірдегі дарынды жастарды қолдауға, олардың ақпараттық технологиялар саласындағы қабілеттерін дамытуға және университет пен мектептер арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосты.