20 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ТҮРКИЯДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

AP26199899 «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» атты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мақсатты бағдарламалық жобасы аясында 2025 жылғы 18-22 қараша аралығында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бердібек Бияров және қауымдастырылған профессор, ф.ғ.к. Бақытжан Келгембаева Түркияның Эге университетіндегі «Түркі дүниесі зерттеу» ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми тағылымдама барысында оқытушылар түркі әдеби мұрасын зерделеу, мәдениеттер үндестігін зерттеу, сондай-ақ фольклор, тіл және әдебиет саласындағы деректерді жинақтау бағытында кешенді зерттеулер жүргізді. Эге университетінің жетекші ғалымдарымен кездесулер мен тәжірибе алмасу оқытушыларға халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға, ортақ ғылыми жобаларды іске қосуға және отандық ғылымның әлемдік кеңістікпен интеграциялануына жол ашуға мүмкіндік берді.

Тағылымдама барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тәжірибе университеттегі оқу және зерттеу процесінде қолданылатын болады. Сонымен қатар, бұл іссапар жоғары білім беру сапасын арттыруға, академиялық құзыреттілікті күшейтуге және университеттің халықаралық ғылыми аренадағы беделін нығайтуға елеулі үлес қосты.

Аманжолов университеті – ғылыми ынтымақтастық пен білімнің жаңа қырларын зерттеуге бастар жол.