30 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ «ЕҢ ҮЗДІК ЖОО ОҚЫТУШЫСЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушылары «Ең үздік ЖОО оқытушысы – 2025» республикалық байқауында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, еліміздің үздік жоғары оқу орны оқытушылары қатарынан көрінді.

Адал еңбек, кәсіби шеберлік және білім мен ғылымға деген жанқиярлық қызметтің нәтижесінде университетіміздің профессор-оқытушылар құрамының өкілдері — Мадияров Мұратқан Набенович, техника ғылымдарының кандидаты, математика кафедрасының қауымдастырылған профессоры және Қантай Нұрғамит, PhD, физика және технологиялар кафедрасының лекторы аталған беделді байқаудың жеңімпаздары атанды.

Бұл жетістік Аманжолов университетінің профессор-оқытушылар құрамының жоғары кәсіби деңгейін, ғылыми әлеуетін және заманауи білім беруге бағытталған инновациялық көзқарасын айқын дәлелдейді. Байқау жеңімпаздарының жетістігі — жеке оқытушылардың табысы ғана емес, сонымен қатар университеттің білім мен ғылым саласындағы беделін арттырған ортақ жеңіс.

Аманжолов университеті ұжымы жеңімпаз әріптестерін шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да олардың ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектері жемісті жалғасын табады деп сенім білдіреді.