28 ноября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ РЕСЕЙДЕГІ ИНКЛЮЗИВТІ ФОРУМДА ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ТАНЫСТЫРДЫ

Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мадина Ауренова Ресейде өткен «Баршаға ашық» Бүкілресейлік инклюзивті форумына арнайы шақырылды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бұл іс-шарада ол Қазақстанның атынан қатысып, балаларды кешенді оңалту жүйесі жөніндегі тәжірибесін және ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасаудағы тиімді тәсілдерді ұсынды.

Форум аясында Мадина Ауренова медициналық жоғары оқу орны мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бірлесіп әзірлеген білім беру бағдарламасын да көпшілік назарына ұсынды. Арнайы педагогика саласындағы жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған бұл инновациялық бағдарлама медицина мен педагогиканы ұштастыра отырып, жаңа буын мамандарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Медицина және педагогика салаларының интеграциясы – инклюзивті білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл модель болашақ мамандардың жан-жақты құзыреттерін дамытып, практикалық міндеттерді тиімді шешуге жағдай жасайды.

Форумда профессор Мадина Ауренова БЦП (ДЦП) диагнозы бар балаларды оңалтудың тиімді әдістерін және оларды инклюзивті ортаға бейімдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Оның жұмысы мен ұсыныстары түрлі елдерден келген сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, ерекше қызығушылық тудырды.

«Баршаға ашық» форумы кәсіби тәжірибе алмасудың, инновациялық тәсілдерді талқылаудың және халықаралық әріптестікті нығайтудың қуатты алаңына айналды. Іс-шара мамандарды жаңа идеяларға шабыттандырып, инклюзияны дамыту бірлескен күш-жігер мен үздік тәжірибелерді бөлісу арқылы жүзеге асатынын көрсетті.