14 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ТҮРКИЯ МЕН ИТАЛИЯ ПРОФЕССОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген Түркия және Италия елдерінің ғалымдарымен кездесу өткізіп, ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.

Университетке арнайы сапармен келген шетелдік делегация құрамында доктор Мехмет Озтүрк (Мугла Сыткы Кочман университеті, Түркия), Анна Сири (Пегасо университеті, Италия) және профессор Джанлука Ольчезе (Вроцлав университеті, Италия) болды. Кездесу барысында тараптар академиялық байланыстарды нығайту мен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Шетелдік профессорлар Amanzholov University студенттері, магистранттары және докторанттарына арналған ашық дәрістер өткізіп, өздерінің ғылыми зерттеу нәтижелері мен халықаралық тәжірибесімен бөлісті.

-Доктор Мехмет Озтюрк — табиғи қосылыстардың биологиялық белсенділігі мен аналитикалық химия саласындағы жетекші мамандардың бірі, Стэнфорд университетінің рейтингі бойынша әлемнің үздік 2% ғалымдарының қатарына енген.

-Анна Сири, PhD, Пегасо университетінің әлеуметтану кафедрасының доценті, әлеуметтік осалдық, білім беру және үлкен деректерді (Big Data) этикалық пайдалану саласындағы зерттеулерімен танымал.

-Профессор Джанлука Ольчезе — дін тарихы мен Еуропа мәдени мұрасын зерттеуші, халықаралық білім беру бастамаларына белсенді қатысушы.

Кездесу соңында ректор Мұхтар Төлеген шетелдік әріптестерге нәтижелі жұмыс пен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде профессорлар университетке жылы қабылдау мен студенттер мен жас ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға деген ұмтылысы үшін ризашылықтарын жеткізді.

Осындай кездесулер Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ университеттің әлемдік ғылыми қауымдастықпен интеграциясын тереңдетуге ықпал етеді. Бұл бағыттағы серіктестік бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.