24 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ «ЖАСЫЛ АУЛА БАЙТАҚПЕН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің экология және география кафедрасы жанындағы «Жасыл толқын» экологиялық клубының студенттері Қазақстан Республикасының күніне орай ұйымдастырылған «Жасыл аула байтақпен» экологиялық акциясына қатысты.

Іс-шара «Байтақ» жасылдар партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен Elit Stroy Group компаниясының бірлесуімен ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты — аулаларды көгалдандыру, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Акция барысында студенттер қала тұрғындарымен бірге ағаштар мен бұталар отырғызды, аумақты көркейту және тазарту жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау мен экологиялық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру әңгімелерін өткізді.

Іс-шара соңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің экология және география кафедрасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы еңбегі, экологиялық мәдениетті дамытуға қосқан зор үлесі және аймақтың табиғи мұрасын сақтау ісіндегі белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Байтақ» жасылдар партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.