25 ноября 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ЖАЗУШЫ ӘЛІБЕК ҚАҢТАРБАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ
Александр Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Өнер мұраты – сөз қуаты» атты салтанатты шара өтті. Бұл іс-шара Шығыс Қазақстан облысының белгілі жазушысы, публицисті, ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ШҚО, Өскемен қаласы және Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаевты ұлықтауға арналды.
Кездесудің маңызын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің қатысуы ерекше арттырды. Ректор жазушыны мемлекеттік марапатымен құттықтап, оның ұлттық әдебиеттің дамуына және өңірдің мәдени өміріне қосқан зор үлесін атап өтті.
— Сіз – мінезі жақсы жансыз. Сіз – Шығыстың ары, намысы, мақтанысыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Студенттерімізге әрдайым батамен бағыт беріп, биік белестерді бағындырып, еліңіздің абыройын асқақтата беріңіз, — деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Құттықтаудан кейін ректор Мұхтар Төлеген қазақы дәстүрмен Әлібек Қаңтарбаевқа шапан мен бас киім жауып, сондай-ақ студенттердің жазушыға арнаған өлеңдер жинағын табыстады.
Шараға қатысқан Amanzholov University студенттері үшін Әлібек Қаңтарбаевтың шығармашылығы — туған мәдениетке қызмет етудің, ұлттық құндылықтарды сақтаудың жарқын үлгісі. Жиында жастар жазушымен еркін сұхбаттасып, оның шығармашылық жолы, қазіргі әдебиеттің дамуы, тілдің қоғамдық өмірдегі рөлі туралы сауалдар қойды.
Әлібек Қаңтарбаев — прозалық және поэзиялық кітаптардың авторы, Шығыс Қазақстан облысының әдеби-мәдени альманағы «Тәңіртау» журналының бас редакторы, «Абай әлемі» кітап сериясы жобасының редакциялық алқасының бас редакторы. Оның «Армандастар» драмалық қойылымы Өскемен мен Семей театрларында табысты сахналанып жүр. Жазушының тіл, дәстүр және ұлттық болмыс мәселелерін қозғаған публицистикалық еңбектері өте кең тараған.
Бұл кездесу әдеби қауым мен университет студенттері үшін маңызды мәдени оқиғаға айналды. Шара барысында қатысушылар жазушының жоғары мемлекеттік марапатқа ие болуын бірге атап өтіп қана қоймай, әдебиет пен қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.





