5 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ АРМРЕСТЛИНГТЕН WORLD CUP TASHKENT 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІНДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында халықаралық армрестлинг және пара-армрестлинг федерацияларының қолдауымен ұйымдастырылған World Armwrestling & Para Armwrestling World Cup 2026 халықаралық турнирі өтуде. Бұл беделді жарыс әлемнің әр түкпірінен келген ең үздік спортшыларды бір аренаға жинап, халықаралық спорттық күнтізбедегі маңызды жарыстардың бірі саналады.

Аталған додада Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, оқу орнымыздың абыройын халықаралық деңгейде асқақтатты. Атап айтқанда, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері — Жалғас Төреханов пен Еламан Базылбек өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, екеуі де өз салмақтарында жеңімпаз атанды. Олар жарыс барысында жоғары деңгейдегі физикалық дайындықты, тактикалық сауаттылықты, техникалық шеберлікті және нағыз спортшыға тән қайсар мінезді айқын көрсетті.

Мұндай ауқымды халықаралық турнирде жеңіске жету – спортшылардың табанды еңбегінің, үздіксіз жаттығуларының және кәсіби дайындығының нақты нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік университетте спортты дамытуға, студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына және олардың халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын дәлелдейді.

Аманжолов университетінің студенттері әрдайым жеңіске ұмтылады, биік мақсаттар қояды және қиындықтарға мойымай, табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсетіп келеді. Университет ұжымы жас спортшылардың бастамаларын үнемі қолдап, олардың кәсіби әрі спорттық дамуына қолайлы жағдай жасап, жан-жақты қолдау білдіреді.