11 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ МАНСҰР ТҰРЛЫБЕКОВ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ БАТЫРЛЫҚ КӨРСЕТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Жоғары колледжінің ИС3Б(11) тобының студенті Мансұр Тұрлыбеков Үржар ауданы, Үржар ауылында өндірістік іс-тәжірибе өту барысында ерекше ерлік көрсетті. Алтынсарин көшесінде орналасқан тұрғын үйден шыққан өртті байқап, Мансұр қолда бар құралдарды пайдаланып оны сөндіруге кірісті. Сонымен қатар, үй тұрғындарын қауіпсіздікке шығарып, дереу өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерін шақырды.

Жылдам әрі нақты жасалған іс-әрекеттер нәтижесінде өрт дер кезінде сөндіріліп, тұрғындарға және мүлікке зиян келуінен сақтандырылды. Студенттің төтенше жағдайдағы батылдығы мен қырағылығы тұрғындар мен құзырлы органдар тарапынан жоғары бағаланды. Үй иесі А.Токмоилова өз алғысын білдіріп, Мансұрға ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар, Үржар ауданының әкімі А.Башимбаев пен Үржар аудандық Төтенше жағдайлар бөлімшесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Б.Саянов атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Мансұр Тұрлыбековтің бұл іс-әрекеті тек оның жеке батылдығы мен азаматтық жауапкершілігін ғана емес, сонымен қатар біздің университетіміздің студенттерінің білімді, белсенді және қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Университет басшылығы мен оқытушылар құрамы студенттің көрсеткен ерлігін жоғары бағалап, оның болашақ қызметінде де сәттіліктер тілейді.

Бұл жағдай Мансұр сияқты студенттердің қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, өздері мен айналасындағы адамдардың өмірін қорғауға ат салысуға дайын екенін тағы бір дәлелдеді. Студенттің батылдығы – біздің университетіміздің мақтанышы әрі үлгісі болып табылады.