10 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТ ҚЫЗДАРЫ ТӘЖІКСТАНДА АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІЛІМ АЛУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері — Надежда Голикова мен Нигина Саидова қазіргі уақытта Тәжікстан Республикасындағы С. Улугзода атындағы Тәжік халықаралық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқуын жалғастыруда.

Біздің студенттер тәжік студенттерімен бірге дәрістерге қатысып, аудиториялық сабақтарға белсенді араласып, жазбаша және шығармашылық тапсырмаларды орындайды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысушыларға университет кітапханасы ерекше әсер қалдырған. Заманауи оқу залдары, бай кітап қоры және тыныш академиялық орта олардың сүйікті жұмыс орнына айналды.

Бос уақыттарында студенттер қабылдаушы елдің мәдениетімен, дәстүрлерімен және студенттік өмірімен танысуда. Олардың айтуынша, шетелде оқу — тек кәсіби білім мен тәжірибені тереңдетіп қана қоймай, сонымен қатар өздігінен шешім қабылдау дағдыларын, толеранттылық пен мәдениетаралық коммуникация қабілеттерін дамытады.

Аманжолов университеті халықаралық серіктестік аясында студенттерге жаңа тәжірибе мен мүмкіндіктер ұсынуды жалғастыра береді.