Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Өскемен қаласының Білім басқармасы қарасты №22 орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру кездесуін ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – мектеп бітірушілерге экология және география саласындағы мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат беру, университеттің білім бағдарламаларымен таныстырып, болашақ маман ретінде кәсіби бағыт-бағдар қалыптастыруға қолдау көрсету.
Кездесу барысында кафедра оқытушылары 11-сынып оқушыларына университеттің білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар, ШҚУ-дың тарихы, академиялық базасы, Экология және география кафедрасының даму жолы, бакалавриат және магистратура бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жұмыстары, өндірістік тәжірибе бағыттары және студенттерге жасалатын әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады. Оқушылар кафедрада экологиялық мониторинг, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, климаттық өзгерістерді зерттеу, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), туризм және табиғатты қорғау бағыттарында терең білім алуға болатыны жайында ақпарат алды.
Кафедра өкілдері түлектерге университет жанындағы зертханалар, оқу-тәжірибелік базалар және ғылыми үйірмелердің жұмысы туралы айтып, студенттердің ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен бірге, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, халықаралық серіктестік, дуальді оқыту, шәкіртақылар мен гранттар туралы мәлімет берілді.
Шара соңында қатысушыларға ақпараттық буклеттер таратылып, мектеп оқушылары спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Университет өкілдері мен шәкірттер байланыс ақпараттарымен алмасып, болашақта ынтымақтастық жалғасатынына сенім білдірді.
Бұл кәсіби бағдар беру кездесуі жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда дұрыс бағыт сілтеп, олардың болашақ білім траекториясын айқындауға септігін тигізген маңызды шара болды.