18 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ ӘЗІРБАЙЖАНДА ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен АР26199899 «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің өңірлік интеграциясы: топонимдер мен жергілікті аңыздардың этимологиясын цифрландыру» атты мақсатты бағдарламалық жоба аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Әзірбайжан тілдер университеті жанындағы Түркі әлемін зерттеу орталығында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Делегация құрамына қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева, кафедра меңгерушісі Карлыгаш Барбосынова, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Алимхан және сениор-лектор Жазира Қаирбаева кірді.
Ғылыми сапардың негізгі мақсаты — жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланысты орнату және дамыту, ғылыми-білім беру тәжірибесімен алмасу, әдебиеттану, лингвистика және түркология салаларындағы бірлескен зерттеулердің перспективаларын талқылау, сондай-ақ мәдени және фольклорлық мұраны цифрландырудың өзекті мәселелерін қарастыру болды.
Тағылымдама барысында қатысушылар Әзірбайжан тілдер университетінің ғылыми-зерттеу бағыттарымен, тіл білімінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану тәжірибелерімен, сондай-ақ түркі халықтарының топонимиясы мен фольклорлық мұрасын зерттеуге арналған жобалармен жан-жақты танысты.
Сапар қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан мен Әзірбайжан өңірлеріне ортақ және ұқсас топонимдерді салыстырмалы-типологиялық талдаудың ғылыми негіздері айқындалып, болашақ бірлескен зерттеулерге арналған дереккөздер базасы мен әдіснамалық ұстанымдар нақтыланды. Алынған нәтижелер жобаның өңірлік интеграциялық әлеуетін кеңейтуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.