20 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМЫ: ҒЫЛЫМИ ЖОБА АЯСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ШЕТЕЛДІК ІС-САПАРЫ
2026 жылғы ақпан айында қазақстандық ғалымдар — профессор Жібек Берлібекқызы Рахметулина, PhD докторы Тана Абылайханқызы Абылайханова және PhD докторы Айгерім Абаевна Рахметулина «Адами капиталды басқару, цифрлық экономиканың дамуы жағдайында еңбек ресурстарының сапасын арттыру» ғылыми жобасын іске асыру аясында шетелдік ғылыми іс-сапарға қатысты.
Зерттеу миссиясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Қазақстан-Америка еркін университеті ғалымдарын біріктірді.
Іс-сапардың негізгі мақсаты — Ұлыбританияның Лондон қаласында цифрлық дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыру, сондай-ақ жоғары және кәсіптік білім беру жүйесінде цифрлық және онлайн оқытуды дамыту бойынша британдық тәжірибені зерделеу болды. Сапар барысында қазақстандық ғалымдар жетекші жоғары оқу орындары — University College London және Coventry University London университеттерінде болып, шетелдік сарапшылармен кәсіби кездесулер өткізді.
Аталған іс-сапар аясындағы маңызды кездесулердің бірі — Coventry University London менеджмент мектебінің персоналды басқару және ұйымдастырушылық мінез-құлық кафедрасының профессоры, PhD докторы Ольга Кретумен өткен кәсіби сұхбат болды. Кездесу барысында адами капиталды дамыту, заманауи құзыреттерді қалыптастыру, білім беру үдерісіне ғылыми-зерттеу тәсілдерін енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың болашағы кеңінен талқыланды. Шетелдік тәжірибе білім беру бағдарламаларын цифрлық экономика мен еңбек нарығының талаптарымен үйлестірудің маңыздылығын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, іс-сапар барысында ғалымдар далалық зерттеулер жүргізіп, Лондон қаласындағы университеттік және қоғамдық ғылыми кітапханаларда болып, аналитикалық және статистикалық материалдар жинады, халықаралық ғылыми жарияланымдар мен цифрлық құзыреттерді дамытудың озық тәжірибелерін зерделеді.
Шетелдік ғылыми миссия қорытындысы бойынша білім беру экожүйелерінің цифрлық кеңістікпен өзара әрекеттесуінің ұйымдық тетігін әзірлеу жоспарлануда. Бұл тетік кадрлар даярлау сапасын арттыруға және білім беру жүйесін цифрлық экономиканың заманауи талаптарына бейімдеуге бағытталмақ.
Мұндай халықаралық ғылыми қызмет академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық шетелдік тәжірибені Қазақстанның білім беру және ғылыми практикасына енгізуге, сондай-ақ отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кең мүмкіндік береді.


