10 марта 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЖЫМЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдум аясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.

Іс-шараны университет ректоры Мұхтар Төлеген ашып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Өз сөзінде ректор жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, оның білім мен ғылым саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Оның пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер академиялық еркіндікті нығайтып, жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге және ғылыми әлеуетті арттыруға оң ықпал етеді.

Кездесу барысында университет оқытушылары да өз ой-пікірлерін білдіріп, жаңа Конституция жобасының қоғамдағы әділдік қағидаттарын күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Талқылау еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Университет ұжымы елдің болашағына әсер ететін маңызды саяси оқиғаға бейжай қарамай, азаматтық ұстаным таныту қажет екенін жеткізді.