6 апреля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ БІЛІМ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУ БОЙЫНША РЕФОРМАНЫ ҚОЛДАЙДЫ

Бүгінде еліміздің жоғары білім жүйесі еңбек нарығының талаптарына сай жаңару кезеңін бастан өткеріп отыр. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаеваның білім беру бағдарламаларын оңтайландыру жөніндегі бастамасы – жоғары білім сапасын арттыруға бағытталған өзекті қадам.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бұл реформаны толық қолдайды. Университеттің басты мақсаты – тек диплом беру емес, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Шығыс Қазақстан облысының кадрлық қажеттіліктеріне жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде университетте «саннан сапаға» көшу стратегиясы іске асырылуда. Осы бағытта еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалған 13 білім беру бағдарламасы толықтай тізімнен шығарылды. Сонымен қатар 25 білім беру бағдарламасы бойынша жаңа қабылдау тоқтатылды, алайда қазіргі студенттер оқуын толық аяқтайды.

Сонымен бірге заман талабына сай жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Олардың қатарында «Бизнес-аналитика және Digital-маркетинг», «Робототехника және жасанды интеллект», «Ядролық физика», «Гидроэкология» және «Орман ресурстары» бар.

Сондай-ақ жалпы білім беру пәндерінің мазмұнын қайта қарап, олардың бір бөлігін мектеп бағдарламасы деңгейінде қарастыру ұсынылады. Бұл жоғары оқу орнындағы оқу уақытын тиімді пайдаланып, студенттердің негізгі мамандығына қосымша кәсіби дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Босаған академиялық уақыт Minor бағдарламаларын игеруге бағытталады.

Білім – нақты нәтижеге бағытталып, заман талабына сай болғанда ғана құнды. Аманжолов университеті тек білім беріп қана қоймай, әр түлектің болашақ кәсіби жолына сенімді қадам жасауына жағдай жасауға басымдық береді.