4 декабря 2025
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ШАНЬДУН СЫРТҚЫ САУДА КӘСІБИ КОЛЛЕДЖІ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЗЕҢІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжінің делегациясы ресми сапармен келді. Кездесу мақсаты – екіжақты серіктестікті дамыту, білім беру және ғылыми байланыстарды нығайту, сондай-ақ академиялық интеграция саласындағы бірлескен жобаларды кеңейту.
Делегацияның келуі Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл бағыт Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте Қытайға ресми сапары барысында ерекше атап өтілді. Қытай Президенті Си Цзиньпинмен кездесулерде энергетика, цифрлық даму, мәдениет, сонымен қатар, білім беру мен ғылым салаларындағы серіктестікті нығайтуға ерекше назар аударылды.
Осы контексте Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ мен Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжі арасындағы ынтымақтастық меморандумы ерекше маңызға ие. Меморандум бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу және цифрлық жобаларды дамытуға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар алмасуына бағытталған. Бұл қадам Қазақстан Республикасының Президентінің халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және екі ел арасындағы интеллектуалды көпірді құру жолындағы бастамаларын жүзеге асыруға қызмет етеді.
Делегация құрамына колледж президенті профессор Лю Мин, бухгалтерлік есеп және қаржы департаментінің директоры Лу Цзицян, халықаралық бағдарламалар басқармасының орынбасары Чжан Сюань кірді.
Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжі – Қытайдың Шаньдун провинциясының Сауда департаментіне қарасты жетекші оқу орындарының бірі. Колледж халықаралық экономика, сыртқы сауда және электрондық коммерция саласында жоғары білікті мамандар даярлайтын орталық ретінде танымал. Колледж елдегі кәсіби университеттер арасында беделді орынға ие, шетел тілдерін, халықаралық бизнесті және трансшекаралық электрондық сауданы оқыту бойынша бірлестіктер мен кеңестерді басқарады.
Аманжолов университетінің қытайлық оқу орындарымен ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда Циндао университеті, Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжі, Илий педагогикалық университеті, Ланчжоу техникалық университеті, Цзянсу педагогикалық университеті, Ұлттық орталық университет, Цинхуа университеті және басқа да бірқатар жетекші Қытай университеттерімен тұрақты серіктестік орнатылды.
Академиялық мобилдік шеңберінде 70-тен астам қытай студенті ШҚУ-да білім алып, 50-ден астам қазақстандық студент Қытайда оқу және тағылымдамадан өтті. Бұл өзара алмасу мен сенімнің айқын мысалы болып табылады.
Ынтымақтастықтың маңызды кезеңі – 2024 жылғы сәуірде Аманжолов университеті делегациясының Циндао қаласына сапары. Сол сапар барысында Haier Haitech компаниясымен «Smart Library» және «AI Smart Classroom» цифрлық жобалары бойынша келісімге қол қойылды және Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжімен екіжақты меморандум жасалды. Бір жыл бойы университеттің интеллектуалды білім беру технологияларын енгізу, цифрлық инфрақұрылымды жаңарту және жаңа білім беру бағдарламаларын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Университет ректоры Мұхтар Төлеген:
«Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық динамикалық дамып келеді. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ШЫҰ идеяларын насихаттауға, білім беру байланыстарын нығайтуға және болашаққа ортақ білім кеңістігін құруға белсенді үлес қосуда»-деп атап өтті.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар электрондық коммерция, халықаралық кәсіпкерлік және AI-технологиялар саласындағы жаңа білім беру бағдарламаларын ашу туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат бірлескен зерттеулер, инновациялық жобалар мен қос диплом бағдарламалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру серіктестігін жаңа деңгейге көтереді.








