3 декабря 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ «РУХТЫ ТЕҢДІК» ФЕСТИВАЛІНЕ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСТЫ

Бүгін Шығыс Қазақстан филармониясында аймақтың мәдени өміріндегі маңызды оқиға – «Рухты теңдік» облыстық инклюзивті шығармашылық фестивалі өтті. Шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті белсенді қатысып, бірнеше номинация бойынша қатысушыларға марапат табыс етті.

Фестивальге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты және қатысушыларды арнайы марапаттады. Сондай-ақ, шараға мәдениет ұйымдарының жетекшілері, шығармашылық ұжымдар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, оқушылар мен студенттер, оның ішінде Аманжолов университетінің талантты студенттері де қатысты.

Фестиваль аясында қатысушылардың еңбегі мен таланты түрлі номинациялар арқылы бағаланып, үздіктер арнайы марапаттармен атап өтілді.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасының орынбасары – Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова келесі номинация жеңімпаздарына Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасы — ректоры Мұхтар Төлегеннің атынан арнайы 300 000 теңгелік ақшалай сертификат табыстады.

«Авторлық шығармашылық» – «Ең жүрекке жол алатын орындау» номинациясы жеңімпазы Елена Миловацкая, Өскемен қаласы; «Авторлық шығармашылық» – «Жас талант» номинациясының иегері: Сержан Мұхтарханов, Өскемен қаласы; «Қолданбалы өнер» – «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» номинациясы: Баталина Варвара Викторовна, Өскемен қаласы.

Фестиваль қатысушыларының шығармашылығы жоғары бағаланып, ерекше қошеметке ие болды. Аманжолов университеті осындай маңызды шараларға қатысу арқылы инклюзивті мәдениетті қолдауға, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғамда тең мүмкіндіктерді насихаттауға өз үлесін қосады.