10 сентября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ COURSERA ПЛАТФОРМАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМДАР

Бүгінгі таңда білім беру саласындағы басты үрдістердің бірі – әлемдік деңгейдегі онлайн-курстарға қолжетімділік. Солардың ішінде ең ірі әрі беделді платформалардың бірі – Coursera. Бұл платформада жетекші университеттер мен алдыңғы қатарлы компаниялардың курстары, білім беру бағдарламалары және кәсіби сертификаттары топтастырылған. Заманауи талаптарға сай IT, инженерия, бизнес, басқару, тіл үйрену, гуманитарлық ғылымдар мен шығармашылық бағыттардағы білімді студенттер кез келген жерден меңгере алады.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті осы мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, «Coursera – қазақ тілінде» жобасына белсенді түрде қатысып келеді. Бұл бастама студенттерге халықаралық деңгейдегі білімді қазақ тілінде игеруге жол ашып, олардың кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді. Үш жыл ішінде университетке 1850 лицензия бөлініп, соның негізінде 3650 студент қамтылды.

Университет үшін тағы бір айрықша жетістік – биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Садыканова Гульназ Есимбековна «Coursera – қазақ тілінде» жобасы аясында қазақстандық ғалымдар арасынан алғашқылардың бірі болып, өзінің «Эукариоттық жасушаның құрылымдық-функционалдық ұйымдастырылуы немесе жасушаға саяхат» атты авторлық курсын платформаға орналастырды.

Бүгінде университет оқытушылары жаңа авторлық курстар дайындау үстінде. Бұл қадамдар Аманжолов университетінің халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтып қана қоймай, цифрлық ресурстарды тиімді қолдана отырып, студенттерге сапалы білім беруді басты мақсат ететінін дәлелдейді.