9 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРМРЕСТЛИНГ ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗ СТУДЕНТТЕРІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық спорт аренасында оқу орнының абыройын асқақтатып, жоғары нәтиже көрсеткен студенттерін салтанатты түрде қарсы алды. Университет студенттері World Armwrestling & Para Armwrestling World Cup Tashkent 2026 беделді халықаралық турнирінде табысты өнер көрсетті.

Халықаралық жарыс Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында халықаралық армрестлинг және пара-армрестлинг федерацияларының қолдауымен өтті. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген мықты спортшыларды біріктірген бұл турнир халықаралық спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстардың бірі саналады.

Аталған додада университеттің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Жалғас Төреханов, Еламан Базылбек және Темірлан Қазезов ерекше көзге түсіп, өз салмақ дәрежелерінде жоғары шеберлік танытып, қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, бірінші орындарды иеленді. Белдесу барысында спортшылар тамаша физикалық дайындықты, тактикалық сауаттылықты, техникалық шеберлікті және мықты ерік-жігерді көрсетті.

Жеңімпаздар туған университетіне оралған сәтте оларды университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер зор қошеметпен қарсы алды. Спортшыларға университеттің спорттық имиджін нығайтуға қосқан үлесі мен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін көтергені үшін шынайы құттықтаулар мен алғыс сөздер айтылды.

Бұл жеңіс – табанды еңбектің, жүйелі жаттығудың және кәсіби тәлімгерліктің айқын нәтижесі. Сонымен қатар, аталған жетістік Аманжолов университетінде студенттік спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және талантты жастарды қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлінетінін дәлелдейді.

Аманжолов университетінің студенттері үнемі биік мақсаттарды көздеп, табандылықтың, мақсаткерліктің және рух күшінің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Университет ұжымы алдағы уақытта да жас спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби және спорттық тұрғыда дамуына қолайлы жағдай жасай бермек.