29 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҰЛАН АУДАНЫНДАҒЫ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына 9–11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында іссапармен барды.

Сапар аясында «Amanzholov University күні» атты іс-шара ұйымдастырылды. Оның барысында басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова аудан түлектерін, олардың ата-аналары мен педагогтерін университеттің қызметімен таныстырды. Өз сөзінде ол Аманжолов университетінің жоғары білім беру саласындағы жоғары көрсеткіштері, халықаралық және ұлттық рейтингтердегі жетістіктері, білім беру бағдарламаларының сапасы мен түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі туралы кеңінен баяндады.

Университет ректорының атынан Ирина Ровнякова Ұлан ауданының білім бөлімі басшылығы мен қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстап, жемісті ынтымақтастық пен білім беру саласын дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың өңірдегі жоғары білімнің көшбасшысы әрі Қазақстанның шығысындағы педагогикалық бағыттың флагманы екенін атап өтіп, мектеп түлектерін университетте білім алуға шақырды.

Кездесудің ерекше сәті – Р. Марсеков атындағы орта мектептің түлегі, «Заң мен тәртіп» облыстық байқауының Гран-при иегері Саян Мауытхановқа Шығыс Қазақстан университетінің төрт жылдық білім беру грантының табысталуы болды. Бұл қадам дарынды жастарды қолдаудың және болашақ мамандықты таңдауда оқушыларды ынталандырудың жарқын үлгісіне айналды.

Іс-шара соңында университеттің белсенді студенттері оқушылар мен қонақтарға арналған әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, ашық диалог пен достық қарым-қатынасқа толы атмосфера қалыптастырды.