17 октября 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ӨКІЛДЕРІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ӘЛЕМДІК КОНГРЕСТЕ

2025 жылғы 15–17-қазан аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру бойынша алғашқы Әлемдік конгресс – World Inclusion Congress-2025 өтуде. Конгресс аясында түрлі елдерден келген сарапшылар инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы үздік тәжірибелермен және инновациялық тәсілдермен бөлісуде.

Іс-шараның екінші күнінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті инклюзивті білім беру жүйесіне арналған мамандарды даярлау бағытындағы өз жетістіктерін ұсынды.

Қатысушылардың ерекше назарын «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының қызметі мен «Психологиялық-педагогикалық даярлық пен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әдістемелік және технологиялық қолдау бойынша құзыреттер орталығы» жобасының коммерцияландыру нәтижелері аударды.

Басты баяндамаcымен психология және коррекциялық педагогика кафедрасының профессоры Светлана Стельмах сөз сөйлеп, кафедраның сениор-лекторы Рауан Байчинов пен «Dana bala» орталығының жетекшісі Алимa Әліпова қосалқы баяндама жасады.

Аманжолов университетінің ұсынылған тәжірибесі Конгресс қатысушылары тарапынан зор қызығушылық тудырып, ғылым мен практиканы ұштастырудың жарқын үлгісіне айналды. Бұл – Amanzholov University-дің Қазақстандағы инклюзивті білім берудің дамуына қосқан елеулі үлесін айқын көрсетті.