2 марта 2026


АРМРЕСТЛИНГТЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Алматы облысы, Талғар қаласында армрестлингтен Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы чемпионаты өтті. Аталған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, өзара бақ сынады.

Жарыс барысында Аманжолов университетінің студенттері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 3-курс, “Дене шынықтыру және спорт” білім беру бағдарламасының студенті Төреханов Жалғас 80 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыласынан басым түсіп, чемпион атанды. Ол жарыс бойы мықты дайындық пен жоғары шеберлігін көрсетіп, 1-орын иеленді.

Сондай-ақ осы мамандықтың 3-курс студенті Базылбек Еламан 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Бұл салмақ дәрежесінде 18 спортшы бақ сынағанына қарамастан, Еламан тартысты белдесулерде өзін жақсы қырынан көрсетіп, жүлделі 3-орынды жеңіп алды.

Аманжолов университеті студенттерінің бұл жетістігі — оқу ордасындағы спорттық дайындықтың жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Чемпионат жүлдегерлерін құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да биік белестерден көріне берулеріне тілектестік білдіреміз.