31 октября 2025
АСТАНАДА «ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК ФОРУМЫ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық рейтингтік және аккредиттеу агенттіктерінің басшылары бүгін Астана қаласында өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестік форумына қатысты. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген де форумда болды. Форум жаһандық білім беру жүйесіндегі жаңа тенденциялар, жоғары білімнің трансформациясы, жасанды интеллекттің рөлі және ғылымды коммерцияландыру бағыттарын талқылаған ірі халықаралық диалог алаңы болды.
Қазақстан қазіргі таңда жоғары білім мен ғылымның дамуында жаңа кезеңге қадам басуда. Соңғы жылдары осы салаға бағытталған инвестициялар айтарлықтай өсіп, зерттеу университеттерінің әлеуеті кеңеюде, академиялық дербестік нығайып келеді. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы, «Келешек» білім жинақтау жүйесі, пайызсыз білім несиелері, кампустар мен жатақханалар салу — еліміздегі жастарды қолдау мен білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар.
Форумда жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу мәселесі ерекше назарға алынды. Қазақстан OpenAI компаниясымен бірлесіп, ChatGPT негізіндегі білім беру құралдарын сынақтан өткізіп жатыр. Барлық оқу орындарында жасанды интеллект негіздері оқытылуда, ЖИ мамандарын даярлайтын жаңа университет құруға дайындық жүргізілуде. Биылдың өзінде 540 мыңнан астам студент ЖИ бойынша білім алды. Бұл — елдің технологиялық болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды стратегиялық қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумда:
– Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды,- деп айту арқылы білім мен ғылым саласының даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.
Қазақстан жаһандық білім орталығына айналуды көздейді. Қазіргі уақытта елімізде шетелдік 33 университет филиалы ашылып, 40-қа жуық жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестік жолға қойылған. 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда, ал 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған. Бұл еліміздің халықаралық академиялық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және көптілді, ашық білім кеңістігін қалыптастыруға серпін береді.
Форумға МИФИ, Minerva University, Cardiff University, MGIMO, Beijing Language and Culture University және басқа да беделді әлемдік жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Инженерлік кадр даярлау, ғылым мен өнеркәсіп интеграциясы, бірлескен инновациялық жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Академиялық дипломатияны дамыту, білім мен ғылымды адамзат игілігіне бағыттау, таланттарды қолдау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту — форум шеңберіндегі негізгі қағидаттар болды. Қазақстан инновациялық ойлауға ие, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптастыруға ерекше назар аударып отыр.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті де осы стратегиялық бағыттарға сәйкес жұмыс істеуде. Университет халықаралық әріптестікті кеңейтіп, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, жасанды интеллект және цифрлық технологияларды оқу процесіне енгізу бойынша жүйелі қадамдар жасап келеді. Бұл форум университет үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, жаһандық академиялық қауымдастықпен өзара ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етті.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жастарға сапалы білім беруді, зерттеу мәдениетін дамыту мен инновациялық ортаны қалыптастыруды жалғастыра отырып, еліміздің білім және ғылым саласындағы жаңғыруына өз үлесін қоса береді.