3 марта 2026
«АТА ЗАҢ-ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ»: «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНДЕ УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Республикалық қоғамдық-саяси «Егемен Қазақстан» газетінде университет ректоры Мұхтар Төлегеннің «Ата Заң – әділетті қоғамның берік тұғыры» атты мақаласы жарияланды. Автор өз мақаласында Конституцияның мемлекет дамуының құқықтық, саяси және қоғамдық негізін айқындайтын басты құжат екенін атап өтеді.
Мақалада Ата Заң елдегі барлық құқықтық жүйенің өзегін құрай отырып, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететіні, сондай-ақ азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікті нақтылайтыны айтылған. Конституция тек заңдар жиынтығы емес, ол – қоғам құндылықтарын айқындайтын әрі ел болашағына бағыт беретін стратегиялық құжат екені ерекше атап көрсетіледі.
Ректор Конституцияны жетілдіруге бағытталған бастамаларға заңгер әрі жоғары оқу орнының басшысы ретінде бейжай қарай алмайтынын жеткізеді. Осы ретте Конституциялық комиссия аясында өткен талқылаулар мен ұсыныстарды мұқият зерделегенін, үдерістің ашық әрі инклюзивті сипатта ұйымдастырылғанын жазады. Жарты жыл ішінде азаматтар мен сарапшылар тарапынан екі мыңға жуық ұсыныстың түсуі – қоғамның ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын білдіретіні айтылған.
Мақалада ұсыныстардың басым бөлігі ескеріліп, Конституция мәтінінің елеулі бөлігі жаңартылғаны, бұл реформалардың формалды емес, шынайы қоғамдық сұранысқа негізделгенін көрсететіні баяндалады. Жаңартылып отырған Конституция Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағаланып, негізгі заң деңгейінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының мазмұндық тұрғыдан толықтырылуы мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарының жүйелі бекітілуі әділетті басқару моделін қалыптастыруға бағытталғаны атап өтіледі.
Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуіне айрықша мән берілген. Кінәсіздік презумпциясын нақтылау, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға жол бермеу, адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігін бекіту секілді қағидаттар құқықтық мемлекеттің негізгі белгілері ретінде көрсетілген. Бұл өзгерістер құқық қорғау органдары қызметінің әділдігі мен ашықтығын арттыруға ықпал ететіні айтылған.
Мақала соңында жаңартылған Ата Заң елдегі тұрақтылықты сақтауға, әділетті қоғам құруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық бағдар болатынына сенім білдіріледі. Ректордың пікірінше, жаңартылған Конституция тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да мүддесін ескеретін тарихи құжат ретінде Қазақстанның демократиялық даму жолындағы сенімді қадамына айналмақ.

