2 марта 2026


БАЛАЕВА АИДА ҒАЛЫМҚЫЗЫ АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында маңызы зор мазмұнды кездесу өтті. Іс-шара «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында ұйымдастырылып, ҚР жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның мәні мен маңызын түсіндіруге арналды.

Кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Балаева Аида Ғалымқызы  қатысып, баяндама жасады.

Аида Ғалымқызы конституциялық өзгерістер үдерісіндегі жастардың рөліне ерекше тоқталып, жас азаматтардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді араласуы – мемлекеттің табысты болашағының кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, білімді, жауапты әрі бастамашыл жастар – Қазақстанның тұрақты және прогрессивті дамуының негізі.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Университеттің студенттері мен докторанттары жаңа Конституцияға қатысты өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Талқылау барысында әлеуметтік әділдік, «Заң мен тәртіп» қағидаттары, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қозғалды.

Аманжолов университетінің жастары кездесуді зор ықыласпен қабылдап, жаңа Конституцияны қолдайтындықтарын білдірді. Студенттердің пікірінше, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер жастардың ел өміріне белсенді қатысуына кең мүмкіндік беріп, болашаққа деген сенімді нығайтады.

Іс-шара жылы әрі еркін атмосферада жалғасып, қатысушылар кездесудің жоғары деңгейде және мазмұнды өткенін атап өтті.

Аталған кездесу университет жастары үшін маңызды оқиғаға айналып, елдің Негізгі заңының болашағына бейжай қарамайтын белсенді әрі саналы жас буын қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.