30 марта 2026
БОЛАШАҚТЫҢ ЭКО-ТЕҢГЕРІМІ: ҒЫЛЫМ ПЛАСТИКАЛЫҚ ЛАСТАНУҒА ҚАРСЫ
Сіздерді Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес ұйымдастырылатын Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (С. Аманжолов атындағы ШҚУ) арасындағы «ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ПЛАСТИКПЕН ЛАСТАНУЫН АЗАЙТУ: МИФ ӘЛДЕ АҚИҚАТ ПА?» тақырыбындағы бірлескен ғылыми телемостқа қатысуға шақырамыз.
Өткізу уақыты: 31.03.2026 ж., сағат 11:00 – 13:00
Форматы: офлайн және онлайн (Google Meet – https://meet.google.com/dqp-hhzm-afe)
Өткізу орны: Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Халықаралық озық функционалдық материалдар мен олардың композиттері R&D орталығы.
Мақсаты – ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік сектордағы экологиялық проблемаларды, атап айтқанда пластикпен ластану, топырақтың деградациясы және су ресурстарының ластануы мәселелерін шешуде табиғи полимерлер мен целлюлоза негізіндегі биоматериалдарды және ауылшаруашылық дақылдарының тұрақтылығын арттыру мақсатында экологиялық қауіпсіз биостимуляторларды қолданудың заманауи ғылыми тәсілдерін талқылау. Сонымен қатар, жаңартылатын шикізат көздерін тиімді пайдалану, биоыдырайтын материалдар әзірлеу және «жасыл» технологияларды енгізу бағытындағы ғылыми нәтижелермен алмасу көзделеді.
Семинардың негізгі бағыттары:
- Табиғи полимерлік материалдар: агроазық-түлік секторындағы пластикпен ластану мәселесін шешу;
- Соя қауызынан микрокристалды целлюлоза алу: делигнификациялаушы агент концентрациясын оңтайландыру және сапалық құрамын (α-, β- және γ-целлюлоза) анықтау;
- Ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарын себу алдындағы өңдеуде эндогенді әсер ететін биостимулятор – фузикокцинді қолданудың экологиялық аспектілері;
- Табиғи өсімдік өсу реттегішін (фузикокцин мысалында) тұрақты егіншілік жүйелерінде қолданудың экологиялық қауіпсіздігі мен тиімділігі;
- Целлюлоза негізіндегі биоматериалдар – тұрақты дамуды қамтамасыз етудің маңызды факторы;
- Микрокристалды целлюлоза (МКЦ) және полианилин (ПАНИ) негізіндегі композиттік қабықшаларды синтездеу және олардың сипаттамасы.
Семинар Тұрақты даму мақсаттарының келесі бағыттарын қамтиды:
ТДМ 4 – Сапалы білім беру: білім беру жүйесін жетілдіру, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдардың кәсіби дамуына жағдай жасау;
ТДМ 6 – Таза су және санитария: су ресурстарын ластанудан қорғауға арналған сорбциялық материалдар әзірлеу;
ТДМ 9 – Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым: жаңа буын биоматериалдар мен технологияларды дамыту;
ТДМ 12 – Жауапты тұтыну және өндіріс: ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу және биоыдырайтын материалдар алу;
ТДМ 13 – Климаттың өзгеруіне қарсы күрес: экологиялық таза материалдар арқылы көміртек ізін азайту.
Семинар барысында қатысушылар табиғи полимерлер мен целлюлоза туындылары негізінде алынатын жаңа материалдардың синтезі, қасиеттері және қолданылу салалары бойынша соңғы ғылыми жетістіктермен танысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Барлық қызығушылық танытқан зерттеушілерді, жас ғалымдарды және мамандарды ғылыми телемостқа белсенді қатысуға шақырамыз.