6 апреля 2026


БОЛАШАҚ ИНКЛЮЗИЯСЫ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ЕБҚ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ШЕШІМДЕР ЖАСАУДА

2023 жылдың қараша айынан бастап Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында №DP21682148 «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау көрсету бойынша құзыреттілік орталығы» атты коммерцияландыру жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жоба Ғылым қоры АҚ қаржыландыруымен және университеттің бірлескен қолдауымен іске асырылып, инклюзивті білім беру саласында ғылыми әзірлемелерді, тәжірибені және өндірісті біріктіреді.

Жоба аясында университеттің №7 оқу корпусында (Шәкәрім даңғылы, 148) орналасқан Құзыреттілік орталығы құрылып, іске қосылды. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олардың қатарында лазерлік станоктар, сандық бағдарламалық басқаруы бар токарлық станок, кескіш плоттер, смарт-айна, компьютерлік техника және арнайы өнімдерді әзірлеу мен өндіруге қажетті басқа да жабдықтар бар.

Бүгінгі күні ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 15-тен астам отандық өнім түрі әзірленді. Бұл өнімдер бірқатар бәсекелік артықшылықтарға ие. Жоба аясында 5 патент және интерактивті тренажерлер мен әдістемелік әзірлемелерге 14 авторлық куәлік алынды.

Негізгі әзірлемелердің бірі — дефектологтың кәсіби үстелі. Бұл автоматтандырылған басқару жүйесі бар, реттелетін элементтермен жабдықталған және логопедиялық әрі дамытушы тренажерлермен біріктірілген инновациялық оқу кешені. Тренажерлердің басым бөлігі мемлекеттік тілде әзірленген. Сонымен қатар кресло-вертикализаторлар, баланс тақталары, реттелетін үстелдер мен орындықтар, сенсорлық-динамикалық кешендер және басқа да құралдар жасалды.

Өнім өндірісі университет жанынан құрылған арнайы өндірістік алаң арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге Қазақ саңыраулар қоғамының Өскемен оқу-өндірістік кәсіпорны-мен серіктестік орнатылған. Бұл ынтымақтастық ғылыми өнімдерді шығарумен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.

Жоба аясында әзірленген өнімдер бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар мекемелерде қолданылып келеді. Атап айтқанда, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, мектеп-интернаттарда, оңалту орталықтарында және жеке пайдаланушылар арасында. Жоба серіктестерінің қатарында «DEMEY» оңалту және түзету орталығы, облыстық ПМПК және «DanaBala» инклюзивті білім беру орталығы бар.

Өндірістік қызметпен қатар білім беру бағытында да белсенді жұмыс жүргізілуде. Педагогтарға арналған біліктілікті арттыру курстары, шеберлік сабақтары мен консультациялар ұйымдастырылып, оларға 1000-нан астам адам қатысты. Курстардың тақырыптары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу, цифрлық логопедиялық құралдарды пайдалану және иппотерапия сияқты оңалту әдістерін қамтиды.

Жоба тұрақты экономикалық өсімді де көрсетуде:

* 2023 жылы өнімді сату көлемі – 1 867 500 теңге

* 2024 жылы – 22 803 500 теңге

* 2025 жылы – 4 777 000 теңге (жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады)

Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, білім беру және түзету ұйымдарының отандық әзірлемелер мүмкіндіктері туралы ақпараттануы әлі де жеткіліксіз. Сондықтан жобаны өңірлік және республикалық деңгейде кеңінен таныстыру мен енгізу маңызды болып отыр.

Жобаның әлеуетті нарығына 22 мыңнан астам ұйым және шамамен 200 мың жеке тұлға кіреді. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, инклюзия кабинеттері, оңалту және түзету орталықтары, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде мұндай балалардың саны 11 мыңнан асады.

Әзірлемелерді кеңінен енгізу білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, әдістемелік қолдауды күшейтуге, отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Құзыреттілік орталығының бұл жобасы — ғылым, білім беру және әлеуметтік жауапкершіліктің тиімді үйлесімінің жарқын үлгісі. Ол әрбір бала үшін қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.