28 августа 2025
БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жоғары мектеп декандары мен кураторлар 1 курс студенттеріне арналған оқу үдерісінің ұйымдастырылуына байланысты ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Педагогика, Бизнес және құқық, IT және жаратылыстану ғылымдары, сондай-ақ Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектептеріне қабылданған студенттер үшін ұйымдастырылған шараға университет проректорлары, профессорлық-оқытушылық құрам, «PARASAT» студенттерге қызмет көрсету орталығының мамандары және жоғары курс студенттерінің белсенділері қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Ирина Ровнякова университет тарапынан білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Бізді таңдап келген әр студент өз мақсатына жету жолында бір қадам жасады деп есептеймін. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан университеті білім алушыларды барлық бағыт бойынша қолдауды жалғастырады. Университеттің бірінші жетекшісінің студенттерге деген қамқорлығы айрықша. Жастарға арналған тегін ағылшын тілі курсы жұмыс істейді. Нәтижесінде білімді жастар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білім алып, тәжірибе жинақтай алады, – деді проректор.
Жоғары оқу орнында студенттерге жасалған әлеуметтік қолдаулар мен бос уақытты тиімді ұйымдастыру мүмкіндіктері де жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
– Университетімізде қолөнер шеберлеріне, көркемсөз оқушыларына, спортқа және түрлі шығармашылық салаларға қызығушылық танытатын жастар үшін тегін үйірмелер мен курстар ұйымдастырылған. Студенттер үйінде жайлы жағдай жасалған, олардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік бар. Студенттер кез келген сұрақпен бізге жүгіне алады. Кураторлар мен кафедра меңгерушілері – олардың алғашқы әрі сенімді қолдаушылары, – деді тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина.
Сондай-ақ, проректор жаңа оқу жылының алғашқы айынан бастап дарынды және белсенді студенттерді барлық үйірмелер мен секцияларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу соңында бірінші курс студенттеріне арналған экскурсия ұйымдастырылды. Білім алушылар №1 оқу ғимаратында орналасқан ғылыми кітапхана, университет музейі, коворкинг орталығы және «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жұмысымен танысты.
Айта кетейік, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 200-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен әріптестік байланыс орнатқан. Осы келісімдердің нәтижесінде студенттер шетелдік тәжірибе жинақтап, өз білім көкжиектерін кеңейтуге мүмкіндік алады.









