23 октября 2025


ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінде Президенттік стипендия иегерлері мен «Алтын белгі» иегерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға 19 стипендиат, 13 медалист және жоғары мектептің белсенді студенттері қатысты. Бұл – тек оқу мен ғылымда ғана емес, сонымен қатар университеттің қоғамдық өмірінде де белсенділік танытып жүрген жастар. Олар мәдени, еріктілік және әлеуметтік жобаларға қатысып, өз бастамашылдығымен ерекшеленіп келеді.

Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен өзін-өзі дамытуға ұмтылысының маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша ол төрт студентке университет ректоры Мұхтар Толегеннің қолы қойылған «Үздік студент» медалі мен куәліктерін табыс етті.

– Біздің студенттер – университет мақтанышы. Олар жоғары білім деңгейін, көшбасшылық қасиеттерін және белсенді өмірлік ұстанымын көрсетіп жүр. Осындай жастар ертең еліміздің де, университетіміздің де атын лайықты танытады деп сенеміз, – деді Слямбек Оразалин.

Кездесу соңында қатысушылар студенттік бастамаларды дамыту, дарынды жастарды қолдау және ғылыми-оқыту жобаларына қатысу мүмкіндіктері жайлы пікір алмасты.