7 апреля 2026


ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫН БАҒАЛАУ: ТЕОРИЯЛЫҚ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Аманжолов университеті, психология және коррекциялық педагогика кафедрасы «Даму бағдарламаларын құру кезінде бағалау құралы ретінде МКФ» (Функциялану, өмірлік шектеулер және денсаулықтың халықаралық жіктемесі» Орысша: «Международная классификация функционирования, ограничений жизнедеятельности и здоровья») тақырыбында теориялық-практикалық семинар өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ерте жастағы балалардың дамуын бағалау және жеке абилитациялық бағдарламаларды жобалау барысында Халықаралық функциялау, тіршілік әрекетінің шектелуі және денсаулық жіктемесін (МКФ) қолдану бойынша қатысушылардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыру болды.

Семинар барысында МКФ-тің ерте жастағы балаларды абилитациялау үдерісіндегі әдіснамалық негіз ретіндегі рөлі туралы теориялық шолу ұсынылды. Негізгі баяндамашылар ретінде Мацкевич И.К. және Аканова Ж.М. сөз сөйледі.

Іс-шараның практикалық бөлімі бірнеше бағытты қамтыды. Атап айтқанда, «Психология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Азаева Арзу МКФ негізінде ерте жастағы баланың даму ерекшеліктерін сипаттау стратегияларын талдады. Сонымен қатар, «Эргопедагогика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Худяков Александр кәсіби сұхбат форматы арқылы b176 домені (күрделі дәйекті қозғалыстардың психикалық функциялары) бойынша бағалау ерекшеліктерін қарастырды.

Практикалық бөлімнің тағы бір бағыты – кейстік тапсырмалармен жұмыс және жеке даму бағдарламаларының элементтерін әзірлеу болды. Бұл жұмысты «Ерте қолдау» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері фасилитатор ретінде ұйымдастырды.

Семинарға «Психология», «Эргопедагогика» және «Ерте қолдау» білім беру бағдарламаларының студенттері белсенді қатысып, тыңдаушы ғана емес, сондай-ақ талдау және фасилитациялық жұмысқа тікелей атсалысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар МКФ-ті кәсіби қызметте қолдану қағидаттарын тереңірек түсініп, балалардың дамуын бағалау мен сипаттаудың практикалық құралдарын меңгерді. Сондай-ақ, пәнаралық тәсіл негізінде жеке абилитациялық бағдарламаларды құру мүмкіндіктері туралы түсініктерін кеңейтті.