15 декабря 2025
«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН»: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «DILMAR CUP» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «DILMAR CUP» республикалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті. Биылғы зияткерлік дода «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбында өтіп, еліміздің әр өңірінен келген дарынды жастардың басын қосты.
Ауқымды пікірсайыс турниріне Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан 30-ға жуық пікірсайысшы қатысып, екі күн бойы өзара білім мен ой бәсекесіне түсті. Турнирдің басты мақсаты – жастардың көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ораторлық шеберлігін шыңдау, сыни және ұтқыр ойлау қабілеттерін дамыту болды.
Жарыс барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, жасанды интеллекттің қоғам дамуына ықпалы, цифрландыру үдерістері, технологиялық этика және адам капиталының болашағы секілді маңызды тақырыптар аясында өз көзқарастарын ортаға салды. Пікірталастар «Толық адам» концепциясы негізінде рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Екі күнге созылған турнир аясында қатысушылар логикалық ойлау, дәлелді сөйлеу, командалық жұмыс және көшбасшылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Қорытынды кезеңде үздік командалар мен жекелеген қатысушылар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттармен марапатталды.
Турнир қорытындысы бойынша негізгі алаң жеңімпаздары Семей қаласы, «Әлихан Бөкейханов университетінің» студенттері — Қадырғазыев Нұрсұлтан, Тулегенов Диас; Финалисттер Павлодар қаласы, «Торайғыров университетінің» студенттері Жақсылық Бекхан, Назымбек Данияр; «Семей медицина университетінің» студенттері Хасанов Еркебұлан, Алиппайқызы Феризат; Өскемен қаласы, «Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университетінің» студенттері Арыхханов Ертіс, Тоқтарғалиев Айбек.
Жастар алаңының финалында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқушылары Әділбек Нұрбақыт және Уатхан Ерұлан жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, «DILMAR CUP» республикалық пікірсайыс турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен жүзеге асатын бұл зияткерлік шара жас пікірсайысшылар үшін тәжірибе алмасу алаңына айналып, жоғары оқу орындары арасындағы интеллектуалдық, мәдени және шығармашылық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосып келеді.





