14 октября 2025


ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Биология кафедрасы «Ғылым мен білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың перспективалары» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Qaz.AI Жасанды интеллект ассоциациясы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева арнайы баяндама жасап қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстелге Әлихан Бөкейханов университетінің аға оқытушысы О.В. Иващенко, биология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттар мен білім алушылар қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – ғылым мен білім беру саласында жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізу жолдарын талқылау, оның әлеуеті мен мүмкіндіктерін саралау және болашақтағы даму бағыттарын айқындау болды.

Кездесу барысында қатысушылар жасанды интеллекттің оқу үдерісін жекешелендіру, білім алушылардың жетістігін автоматты түрде бақылау және бағалау, ғылыми зерттеулерде үлкен деректерді талдау мен жүйелеу мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, ЖИ технологияларын қолдану кезінде туындайтын этикалық нормалар, ақпараттық қауіпсіздік, және жеке деректерді қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Талқылау қорытындысында қатысушылар жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін педагогтер мен студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру, арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру, және білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен енгізу қажеттігін атап өтті.

Дөңгелек үстел нәтижесінде нақты ұсыныстар қабылданып, алдағы оқу жылында ғылым мен білім беру саласында жасанды интеллектті қолдану бойынша нақты іс-шаралар жоспары түзілетін болды.

Бұл бастама жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу бағытындағы маңызды қадам болып табылады және университеттің инновациялық даму стратегиясымен үйлеседі.

.