19 декабря 2025
«ЖҮРЕКТЕГІ ЖАЗУЛАР»: ЖАЗУШЫ, КОМПОЗИТОР, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ӘКІМ ЫСҚАҚ АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ
Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде көрнекті қазақ руханиятының өкілі — жазушы, ақын, журналист, композитор әрі қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың 65 жылдық мерейтойына арналған «Жүректегі жазулар» атты шығармашылық кездесу өтті. Университеттің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға оқытушылар, студенттер және құрметті қонақтар қатысты.
Әкім Ысқақтың шығармашылық жолы отандық әдебиет пен өнерде айрықша орын алады. Қаламгердің туындыларында халықтың мұңы мен үміті көрініс тапса, жүректен туған поэзиясы мен әндері тұтас бір буынның үніндей қабылданды. Ол — бір ғана жанрдың емес, тұтас дәуірдің рухани жауапкершілігін арқалаған, қоғамның адамгершілік бағдарын қалыптастыруға үлес қосқан тұлға.
Дәстүрге сай құттықтау сөзі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы — ректоры, профессор Мұхтар Төлегенге берілді. Ректор өз сөзінде Әкім Әбдіхайымұлының ұлттық руханиятты дамытудағы салмақты еңбегін атап өтіп, оның шығармалары жас ұрпақты тәрбиелеудегі және мәдени бірегейлікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Кездесу бағдарламасы мазмұнды әрі әсерлі шығармашылық нөмірлерге толы болды. Университеттің «Шабыт» студенттік театры ұсынған қойылым көрермендерге айрықша әсер қалдырды. Сондай-ақ «Қаламгер» және «Оқырман» поэзиялық бірлестіктерінің жас әдебиетшілері мерейтой иесіне арнау айтып, шынайы ықылас пен құрметін білдірді.
Іс-шара аясында Әкім Ысқақ университеттің студенттері мен оқытушыларына оның шығармашылығын насихаттаудағы жетістіктері үшін Құрмет грамоталарын табыстады. Марапаттар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге және жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге бағытталған белсенді еңбегі үшін берілді. Бұл сәт ұрпақтар сабақтастығы мен қаламгер шығармашылығының қазіргі білім беру кеңістігімен тығыз байланысын айқын көрсетті.
Кездесудің маңызды кезеңі — Әкім Әбдіхайымұлы Ысқаққа «Құрметті профессор» атағының салтанатты түрде табысталуы болды. Аталған шешім Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Ғылыми кеңесінде 2025 жылғы 27 қарашада қабылданған болатын. Бұл жоғары атақ оның ғылым, мәдениет және қоғам алдындағы сіңірген еңбегіне, сондай-ақ көпжылдық жемісті қызметіне берілген лайықты баға болды.
Жазушы өмір жолы мен шығармашылық тәжірибесі жайында ой бөлісіп, сөз жауапкершілігі мен рухани құндылықтардың маңызын атап өтті. Студенттермен еркін форматтағы сұхбатта қойылған сауалдарға мазмұнды әрі шынайы жауаптар берілді.
Іс-шара қазақтың игі дәстүріне сай әсерлі рәсіммен қорытындыланды. Университет ректоры Мұхтар Әділбекұлының атынан Әкім Әбдіхайымұлына шапан жабылды. Бұл құрмет — оның ел руханияты мен мәдени дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне деген ризашылық пен жоғары бағалаудың белгісі болды.